ЖАҢА ӘЛЕУМЕТТІК КЕЛІСІМ-ШАРТ
Президент Қ.Ж. Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты ұсыныстарын қоғаммен бөлісті. Соңғы кезде үлкен мәселе туындатқан әлеуметтік, қаржылық қайшылықтарды шешудің жолдары ұсынылды.
Тоқаев мемлекет пен қоғам арасындағы келісімді нығайтуға назар аударып, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтудың бірнеше шараларын айтты.
Осы жолы Тоқаев әлеуметтік салаға көбірек көңіл бөлді. Қарапайым халықтың әлеуметтік жағдайы табыстың азаюынан, бағаның өсуінен, тұтыну несиелері артуынан төмендеген. Ел байлығынан түсетін кірістердің әділ бөлінбеуінен қомақты пайданы үлкен компаниялар, қаржы-олигарх топтар көріп келді. Президент қаржының ашықтығын арттыру, көлеңкелі экономиканы азайту, квазимемлекеттік секторды тексеру, реформалау қажеттілігі туралы айтты.
Мысалы, бұрын салықты аз төлеген монополист шикізат компаниялары енді салымды көбірек төлеп, мемлекет есебінен байыған ірі бизнес халыққа жүйелі түрде көмектесетін болады.
Жаңа әлеуметтік келісім-шарттың негізі – әлеуметтік әділет, оны қамтамасыз ету үшін «Қазақстан халқына» қоры құрылып, оған көмектесетін компаниялар тізімі жасалады. Бұл қор елдегі әлеуметтік мәселелерді шешуге арналады.
Жұрт үшін утилизациялық алым тоқтатылғаны жағымды жаңалық болды. Ел экономикасының негізі «Самрұқ Қазына» қоры реформаланады немесе жабылады.
Осы нақты тапсырмаларды орындау үшін технократ, қаржыгер А.Смаиловтың үкіметіне қысқа уақытта іс-шара жоспарын, халық табысын арттыру бағдарламасын дайындау міндеті жүктелді.
Президент мемлекеттік басқарудағы басты мәселелер ретінде формализм, кадр тұрақтамауы, бюрократия, жабықтық, қағазбастылық, сыбайлас жемқорлық, өңірлердің әркелкілігін атады.
Тоқаев мемлекеттік органдарды реформалардың қозғаушы күші деп атауы үлкен жауапкершілік жүктейді. Бұған шешім ретінде дамуға кедергі бюрократияны азайту, меритократияны іске асыру, жаңа өзгерістер ензігу механизмнін әзірлеуді тапсырды.
Президент мемлекеттік органдардың басты жұмысы – халықпен диалог орнату деп атады. «Формаға емес, мазмұнға мән беру» керек.
Сонымен қатар, елдегі қоғамдық келісімді жаңалау үшін бұрын басталған саяси модернизация шараларына қоса жаңа саяси реформалар болуы қажет.
Жанат Момынқұлов,
Кәсіби даму институты директорының орынбасары
ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК БАСТЫ МӘСЕЛЕ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысында Алматы қаласы мен өзге де өңірлердегі ағымдағы ахуал мен оны тұрақтандыру жағдайында ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесін жандандыру қажеттілігін жоғары баса атап өтті.
Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесі ұлттық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясат аясында ұлттық қауіпсіздік субъектілері жүзеге асыратын құқықтық, ұйымдастырушылық, экономикалық, техникалық және басқа да шаралардың жиынтығынан тұрады. Олардың кешенді қамтамасыз етілуі конституциялық құрылыстың тұтастығын қамтамасыз етуде, республиканың демократиялық институттарына, оның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығына, саяси тұрақтылығына, азаматтардың қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді болдырмауда аса маңызды. Солардың ішінде құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қызметтерін жетілдіру қажеттілігі алдыңғы күн тәртібіне қойылатындығын елімізде соңғы күндері болып жатқан оқиғалар дәлелдейді.
Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ең алдымен халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясатты заңсыз көшіп келуді болдырмау аясында жетілдірумен, кедендік шекара бекеттерінде тәртіпті қатаң қадағалау бюджетке түсетін түсімдермен тікелей байланысты.
Мемлекеттік органдар мен халықтың арасындағы коммуникацияны қатынастарды трансформациялауда мемлекеттік құрылымдардың, полиция мен қоғамның тұрақты серіктестік қатынаста болуы, өзара тиімді ықпалдасу, жергілікті қауымдастықтың қажеттіліктеріне негізделе отырып, құқық бұзушылықтардың алдын алу, кәсіби және қол жетімді полиция сервистік үлгіге ауысудың басты шарттары болып табылады. Бұл – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының тиісті түрде қорғауда болатындығына сенімділігінің кепілі.
Садықова Құралай Қажымханқызы,
Басқару институты директорының орынбасары, PhD
МАҢЫЗДЫ МІНДЕТТЕР ҚОЙЫЛДЫ
Соңғы күндері елімізде орын алған оқиғаларға орай алдын ала хабарланған Президентіміздің Мәжіліс отырысында сөйлейтін сөзін қалың бұқара тағатсыздана күткені анық. Осы ретте Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл жиында сөйлеген сөзі халықтың ойынан шықты деп толық сеніммен айтуымызға болады. Өз сөзінің басында қайғылы оқиғалардың салдарын жоюға байланысты құқық қорғау саласындағы кезек күттірмейтін міндеттерге баса назар аудара отырып, осы оқиғалардың туындауына себепкер болған Жаңаөзендегі бейбіт шерудің түптөркіні халықтың әлеуметтік-экономикалық күйіне наразылығы екенін атап өтіп, Президент жаңадан құрылмақшы Үкімет алдына оны шешу үшін экономикалық сипаттағы бірқатар маңызды міндеттер қойды.
Біріншіден, кәсіпкерлікті дамыту үшін жүйелі жұмыс атқару. Өйткені өзінің және балаларының тағдырын Қазақстанмен ғана байланыстыра отырып кәсіпкерлер ел болашағы үшін өзіне жауапкершілік алуға дайын. Осыған орай Президент мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі мен ашықтығына назар аудару қажеттігіне, бұл ретте Қазақстан Даму банкінің қызметін қайта құру керек екеніне көңіл аударды.
Екіншіден, жанар-жағар май өндіру және оны бөліп-тарату жүйесіндегі мәселелерді шешу. Себебі тап осы газ бағасының қымбаттауы Жаңаөзен халқының шеруге шығуының басты себептердің бірі болған еді.
Үшіншіден, квазимемлекеттік секторды түбегейлі реформалау. Осы орайда Мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» қорының қызметіне көңілі толмайтынын атап өтті.
Төртіншіден, экономиканы әртараптандыру, өйткені олай болмаса, азаматтарымыздың әл-ауқатын арттырып, тұрақты жұмыс орындарын ашу мүмкін емес.
Бесіншіден, ауыл шаруашылығына ерекше назар аудару. Бұл ретте алдағы үш жылда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін түбегейлі шешу қажет. Себебі нарықта азық-түлік тауарлары мол болмаса, инфляцияны ұстап тұруға ешқандай шара көмектеспейді. Бұл Үкімет пен әкімдердің алдында тұрған негізгі басымдық екеніне Қ-Ж. Тоқаев айрықша назар аударды.
Сонымен қатар, Президентіміз көптен бері халық көкейінде жүрген «ӨКМ Операторы» ЖШС-ның қызметі мен Қытай шекарасындағы кеден органдары қызметінің мәселелерін де назардан тыс қалдырмай, тиісті органдарға осы сұрақтарды тез арада шешу бойынша тапсырмалар берді.
Тұтастай алғанда, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәжіліс отырысында айтылған тапсырмаларын іске асыру еліміздің осындай тығырықтан тезірек шығуына өз септігін тигізетініне сенім білдіруге болады.
Тұралин Әміржан Зеледенұлы,
экономика ғылымдарының кандидаты, Академия доценті
ЖАҢА КӨЗҚАРАС ЖӘНЕ ЖАҢА БАҒЫТ
Қаңтар басындағы қаралы күндерден кейін Халықтың күткені үлкен үміт және және болашаққа сенім. Президентіміз бүгінгі күні мемлекетті басып алуға бағытталған террористік арам пиғылдардың толықтай құрықталғанын жеткізе отырып, алда әліде атқарар жұмыстардың көптігіне тоқталды, атап айтсақ, контртеррористік тапсырмаларды аяғына дейін жеткізу, қираған дүниені қалпына келтіру және енді мұндайға жол бермеу мақсатында алдын алу және қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету жұмыстарының маңыздылығына баса тоқталды. Осы бір қаралы күндерде Қазақстан халқы Президентке толықтай сенім артып бұл сенім бүгінгі күні толықтай дәлелденгендігін көріп отырмыз.
Бұл сындарлы күндерде еліміздің құрылымдық бағыттарындағы күшейтілуі тиіс әскер мәселелері баса айтылды, ондағы арнайы жасақтарға байланысты кәсіби сапалылық мәселесі және нақты саны бойынша дамыту мәселелерінің қажеттілігі туралы нақтыланды.
Президент ел дамуы үшін жұмыс істеп тұрған институттарға сенімсіздігін білдіре келе ондағы мақсатты жұмыстардың қатаң бақылауда іске асуын қадағалауды жаңа қалыптасқан үкіметке тапсырды. «Даму банкі» және «Самұрық Қазына қоры» жұмыстарының тиімділігі ұлттық байлықтың даму үлесімен айқындалуы керектігі, аталған даму институттарының жұмысын қатаң мониторингілеп отыру қажеттілігін айқындады.
Бүгінгі Президент сөзінен кейін біздер, яғни Мемлекеттік басқару академиясы үшін де мемлекеттік қызметкерлерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстарында «қоғам және мемлекет байланысын жаңаша трансформациялау», «дерлік бюрократиямен күрес» және «мемлекеттік қызметкерлердің қайшылықты жағдайларда диалог жүргізу шеберлігі» сияқты мәселелерді оқыту қажеттіліктері туындауда.
Қорыта келе түйіндегеніміз «Президент халықпен бірге және халық Президентпен бірге» – ұстанымы нағыз демократиялық бағыт, біз осыны дәлелдей білдік.
Ахметов Бекмұхан Жұмаханұлы,
ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Жамбыл облысы бойынша филиалының профессоры